Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жалғасуда
2025 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманованың төрағалығымен Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер, жылжымайтын мүлік иелері бірлестіктерінің қызметі, Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Негізгі баяндамалардан басқа, ҮЕҰ өкілдерінің балама баяндамалары тыңдалды.
Кеңес мүшелері уәкілетті және жергілікті органдардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне назарын арттыру, сондай-ақ үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың мүддесі үшін бірлескен күш-жігердің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар тұжырымдалды.
